Өңірлік Call-орталығы: 1302 немесе 8 800 080 4821 Барлық байланыстар

Жедел медициналық жәрдем қызметіне жүгіну ережелері

Жедел медициналық жәрдем көрсету қағидалары

«Қазақстан Республикасында жедел медициналық жәрдем көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 8 қаңтардағы № 2 бұйрығы (қолданысқа енгізілмеген)

Атап айтқанда, жедел медициналық жәрдем станциясының (бұдан әрі — ЖМЖС) диспетчері «103» пультінде денсаулық жағдайы бұзылған кезде азаматтардан түскен барлық шақыруларды қабылдайды. ЖМЖС диспетчерлік қызметіне шақыру түскен кезде мынадай деректер тіркеледі:

  • пациенттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жасы және жынысы;
  • пациенттің жай-күйі бойынша деректер және жазатайым оқиғаның, жарақаттың немесе аурудың мән-жайлары;

Шақыруды ЖМЖС диспетчері алған сәттен бастап ЖМЖ бригадасына қызмет көрсетуге бергенге дейін өңдеу уақыты бес минутты құрайды, осы уақыт ішінде шақыру шұғылдық санаты бойынша сұрыпталады.

Жедел медициналық жәрдемді құрамы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес айқындалған фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалар көрсетеді.

ЖМЖС бригадалары ЖМЖС ауысымының аға дәрігеріне бағынады.

Ауылдық елді мекендерде ЖМЖ шақыруларына қызмет көрсету үшін ЖМЖС аудандық қосалқы станциясының диспетчері жақын маңдағы медициналық ұйымдардың мамандары мен санитариялық автокөлігін тартады.

ЖМЖС диспетчері қабылдаған шақырулар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес шұғылдықтың 4 (төрт) санатына бөлінеді:

  • 1) шұғылдықтың 1 (бірінші) санатындағы шақыру — пациенттің өміріне тікелей қатер төндіретін, дереу медициналық көмек көрсетуді талап ететін жай-күйі;
  • 2) шұғылдықтың 2 (екінші) санатындағы шақыру — медициналық көмек көрсетілмесе, пациенттің өміріне әлеуетті қатер төндіретін жай-күйі;
  • 3) шұғылдықтың 3 (үшінші) санатындағы шақыру — медициналық көмек көрсетілмесе, пациенттің денсаулығына әлеуетті қатер төндіретін жай-күйі;
  • 4) шұғылдықтың 4 (төртінші) санатындағы шақыру — пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қатер болмаған кезде, ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылуынсыз, жіті аурудан немесе созылмалы аурудың өршуінен туындаған пациенттің жай-күйі.

Шұғылдықтың 1, 2, 3 санаттарындағы шақырулар түскен кезде ЖМЖС диспетчері автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы шақыруларды ЖМЖС-ның фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына береді.

Шұғылдықтың 4 санатындағы шақырулар түскен кезде ЖМЖС диспетчері автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы шақыруларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек жанындағы жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің (бұдан әрі — МСАК жанындағы ЖМЖ бөлімшесі) фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадаларына береді.

Фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалардың ЖМЖС диспетчерінен шақыру алған сәттен бастап пациенттің тұрған жеріне жету уақыты:

  • шұғылдықтың 1-санаты — он минутқа дейін;
  • шұғылдықтың 2-санаты — он бес минутқа дейін;
  • шұғылдықтың 3-санаты — отыз минутқа дейін;

шұғылдықтың 4-санаты — алпыс минутқа дейін.

МСАК жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің фельдшерлік және мамандандырылған (дәрігерлік) бригадалары бекітілген халыққа және МСАК қызмет көрсету аймағындағы адамдарға тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді.

Шұғылдықтың 4 санатындағы шақыруларға МСАК жанындағы ЖМЖ бөлімшесі деңгейінде де, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-қосымшасының 15-жолына сәйкес жедел немесе шұғыл медициналық көмек көрсетуге мемлекеттік лицензиясы бар медициналық ұйымдарға (денсаулық сақтау субъектілеріне) осы қызметті аутсорсингке беру арқылы да қызмет көрсетіледі.

ЖМЖС және МСАК жанындағы ЖМЖ бөлімшесі бригадаларының қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде шақыруға қызмет көрсету ішкі істер аумақтық органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Ішкі істер аумақтық органдарының өкілдері болмаған жағдайда ЖМЖС және МСАК жанындағы ЖМЖ бөлімшесінің бригадалары өмір мен денсаулыққа қатер төну қаупі туралы диспетчерлік қызметке рация және (немесе) ұялы байланыс арқылы хабарлайды. Шақыруға одан әрі қызмет көрсету ішкі істер аумақтық органдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.