Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысы.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 196-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2020 жылғы 1 тамыздан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:
1. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жедел медициналық көмек.
2. Медициналық авиацияны тарта отырып көрсетілетін жедел медициналық көмек:
- 1) пациенттің тұрған жері бойынша медициналық ұйымда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде;
- 2) медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлерінің мамандарын баратын жеріне жеткізу қажет болған кезде;
- 3) пациенттің тұрған жері бойынша медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған және тиімсіз болған кезде науқасты медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі медициналық ұйымдарға тасымалдау үшін;
- 4) кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) тиісті медициналық ұйымға тасымалдау үшін.
3. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі — МСАК), оның ішінде:
- 1) неғұрлым кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару;
- 2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық тексеру;
- 3) аурулардың мінез-құлықтық қауіп факторларын ерте анықтау және мониторингтеу және анықталған қауіп факторларын төмендету дағдыларына оқыту;
- 4) иммундау;
- 5) салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
- 6) репродуктивтік денсаулықты қорғау жөніндегі іс-шаралар;
- 7) жүкті әйелдерді бақылау және босанған әйелдерді босанғаннан кейінгі кезеңде бақылау;
- 8) жұқпалы аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.
4. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек:
- 1) АИТВ-инфекциясы мен туберкулездің профилактикасы және диагностикасы;
- 2) жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жай-күйлер кезіндегі қызметтер, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі — МӘМС) жүйесінде қызметтерді тұтынушылар болып табылмайтын адамдар үшін елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын туғызатын аурулар кезінде және оларға күдік болған жағдайларда мобильді бригаданың қызметтері;
- 3) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде диагностикалау және емдеу;
- 4) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және тәртіппен динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезінде диагностикалау және емдеу.
5. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек:
- 1) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде емдеу;
- 2) МӘМС жүйесінде қызметтерді тұтынушылар болып табылмайтын адамдар үшін елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауын туғызатын аурулар кезінде және оларға күдік болған жағдайларда үйдегі стационар қызметтері;
- 3) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және тәртіппен динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар кезінде емдеу.
6. Стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек:
- 1) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия тасымалдаушыларды, вирус тасымалдаушыларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;
- 2) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша жұқпалы, паразиттік ауруларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;
- 3) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша МӘМС жүйесінде қызметтерді тұтынушылар болып табылмайтын адамдар үшін шұғыл нысанда, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізу;
- 4) уәкілетті орган бекіткен аурулар тізбесі бойынша жоспарлы нысанда.
7. Медициналық оңалту:
- 1) негізгі ауруды емдеу кезінде;
- 2) туберкулезбен ауыратын науқастарды.
8. Уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша паллиативтік медициналық көмек.
9. Уәкілетті орган айқындайтын қанның, оның компоненттері мен қан препараттарының номенклатурасына сәйкес стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету.
10. Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде патологиялық-анатомиялық диагностика.
11. Қайтыс болған донорды ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) алуға дайындау, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау.
12. Уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту.
13. Мыналарды көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету:
- 1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда жедел көмек, сондай-ақ мамандандырылған көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер;
- 2) профилактикалық егулер жүргізілетін аурулар тізбесіне сәйкес МСАК;
- 3) белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес МСАК және амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек.
