Өңірлік Call-орталығы: 1302 немесе 8 800 080 4821 Барлық байланыстар

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі — МӘМС) Қазақстанда Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын және денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде енгізілуде. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына Президент 2015 жылғы 16 қарашада қол қойды. «Бүгінгі таңда «МӘМС жүйесін енгізу туралы» жобаны іске асырудың Жол картасы әзірленіп, бекітілді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкерлері мен мүдделі құрылымдардың мамандарынан жұмыс тобы құрылды. Дүниежүзілік банктің және Oxford Policy Management-тің халықаралық сарапшылары тартылды. 2016 жылдың ортасында ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің базасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Оның ұйымдық-құқықтық нысаны — коммерциялық емес акционерлік қоғам. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болады», — деді Елжан Біртанов.

Вице-министр сондай-ақ Қазақстанда енгізіліп жатқан медициналық сақтандыру жүйесі озық халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленгенін және мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделгенін атап өтті. Бұл ретте мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін жарна төлейді. Жұмыс берушілер — жалдамалы қызметкерлер үшін. Салық органдарында тіркелген қызметкерлер мен өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар — өздері үшін.

Ерекше санаттағы азаматтар (халықтың әлеуметтік осал топтары) үшін мемлекет жарналарының мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7%-ын құрайды. Бұл ретте мөлшерлеме кезең-кезеңімен көтеріледі: 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%, 2023 жылы 6%, 2024 жылдан бастап 7%.

Жұмыс берушілер жарналарының жалпы мөлшерлемесі кірістің 5%-ын құрайды, бұл ретте аударымдар 2017 жылы 2%-дан, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 4% және 2020 жылдан бастап 5% болып басталады.

Қызметкерлер жарналарының мөлшерлемесі кірістің 2%-ын құрайды, бұл ретте олардың аударымы 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан бастап 2% болып басталады.

Өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтардың (дара кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар) жарналарының мөлшерлемесі кірістің 7%-ын құрайды. Бұл ретте 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5% және 2020 жылдан бастап 7%.

Жұмыс берушілердің жарналары корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде, қызметкерлер мен өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтардың жарналары жеке табыс салығын есептеу кезінде шегерімдерге жатқызылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның 12-сі — халықтың әлеуметтік осал топтары, сондай-ақ әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына мыналар жатады:

  • балалар;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
  • мүгедектер;
  • жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
  • интернаттық ұйымдарда оқитын және тәрбиеленетін адамдар;
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ резидентура нысанында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын адамдар;
  • бала тууына, жаңа туған баланы асырап алуына, баланы 3 жасқа толғанға дейін күтуіне байланысты демалыстағы адамдар;
  • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ 3 жасқа толғанға дейінгі баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
  • зейнеткерлер;
  • ең төмен қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда, ҚАЖ мекемелерінде сот үкімі бойынша жаза өтеп жүрген адамдар;

уақытша ұстау изоляторларында және тергеу изоляторларында ұсталатын адамдар. «Жұмыс берушілерден аударымдар 2017 жылғы 1 қаңтардан, қордан қаржыландыру 2017 жылғы 1 шілдеден басталады. Жарналардың қажетті көлемде түсу мәселелері салық органдарының құзыретіне жатады. Жарналарды төлемегені және төлеуден жалтарғаны үшін айыппұлдар көзделген», — деп қосты Елжан Біртанов.

Адамның медициналық сақтандыруы бар-жоғын анықтау үшін медициналық ұйым қызметкерлеріне оның ЖСН-ін бірыңғай электрондық деректер базасына енгізу жеткілікті болады. Егер аударымдар жүргізілсе, жүгінген адам сақтандыру ұсынатын қызметтердің барлық спектрін пайдалануға құқылы. Егер жүргізілмесе, оған медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көмек көрсетіледі, ал қалған шығыстарды өзі төлейді. «МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі қорға төленетін жарна сомасына байланысты емес екенін атап өткен жөн. Бұл аударымдардың тұрақты жүргізілуі жеткілікті. Жалақыдағы айырмашылыққа байланысты бір адам қорға ай сайын 5 мың, ал екіншісі 25 мың аударатынына көмек көлемі байланысты болмайды. Ең бастысы — екеуі де төлеуші, және ауруханаға түскен кезде олардың әрқайсысы бірдей қызметтер пакетіне сене алады. Әлеуметтік әділеттілік қағидаты осында», — деп атап өтті Вице-министр.

Брифинг соңында Елжан Біртанов сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС енгізу нәтижесінде елде медициналық көмек көрсету деңгейі айтарлықтай артатынын, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын көтеру мүмкіндігі пайда болатынын хабарлады. Ауруханалар жоғары сыныпты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер сатып ала алады. МӘМС адамға осы мақсаттарға өз бюджетінен қолма-қол қаражат бөлмей-ақ тексеруден өтуге және қажет болған жағдайда емделуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтарға медициналық қызметтер пакеттерінің 2 түрі ұсынылады:

Біріншісі — базалық пакет, ол республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, мемлекет кепілдік берген медициналық көмек көлемі. Бұл пакет Қазақстанның барлық азаматтарына қолжетімді болады. Оған мыналар кіреді: жедел жәрдем және санитариялық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі және шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек, профилактикалық егулер.

Өнімсіз өз бетінше жұмыспен қамтылған халық үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет қаражаты есебінен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, амбулаториялық-емханалық көмек ұсыну көзделген.

Екіншісі — жаңадан құрылатын Медициналық сақтандыру қорынан ұсынылатын сақтандыру пакеті. Оған мыналар кіреді: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), стационарды алмастыратын көмек (әлеуметтік маңызы бар ауруларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативтік көмек және мейірбикелік күтім, жоғары технологиялық көмек.

Бұл пакетті алу құқығы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.

Осы пакеттерге қосымша азаматтар ерікті сақтандыруға қатысқан кезде жеке сақтандыру компанияларымен жасалған шарт негізінде медициналық қызметтер ала алады.