«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінен үзінді.
Денсаулық сақтау саласындағы адамдардың құқықтары мен міндеттері
76-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету кепілдігі
1. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
- 1) медициналық көмекке тең қолжетімділікке;
- 2) медициналық көмектің сапасына;
- 3) дәрілік қамтамасыз етудің сапасына;
- 4) дәрілік заттардың қолжетімділігіне, тиімділігі мен қауіпсіздігіне;
- 5) аурулардың профилактикасы, салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жүргізуге;
- 6) репродуктивтік таңдау бостандығына, репродуктивтік денсаулықты қорғауға және репродуктивтік құқықтардың сақталуына;
- 7) санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылыққа кепілдік береді.
2. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың қандай да бір аурулары мен жай-күйлерінің болуына байланысты кемсітушіліктің және стигматизацияның кез келген нысандарынан қорғауға кепілдік береді.
77-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
- 1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
- 2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге;
- 3) дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдауға;
- 4) пациент стационарлық жағдайларда емделген жағдайда емдік тамақ алуға;
- 5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қаражаты, ұйымдардың қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі және өзге де көздер есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қосымша медициналық көмекке;
- 6) медициналық және өзге де қызметтерді ақылы негізде алуға;
- 7) көрсетілімдер болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде медициналық көмек алуға;
- 8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды алуға және ұсынуға;
- 9) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурудың профилактикасы, диагностикасы, емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер, денсаулыққа әсер ететін факторлар, оның ішінде тіршілік ету ортасының жай-күйі, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайлары, дұрыс тамақтану және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы анық ақпаратты өтеусіз және тұрақты алуға;
- 10) мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сараптама ұйымдарынан және дәрілік заттар, медициналық бұйымдар айналысы саласындағы субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
- 11) медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтерді қорғауға;
- 12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға медициналық көмек көрсету кезінде денсаулыққа келтірілген зиянды өтеуге;
- 13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;
- 14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
- 15) мемлекеттік медициналық сараптаманың қорытындыларымен келіспеген жағдайда тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы жоғары тұрған органдарға өтінішхат беруге;
- 16) донор ретінде болу мүмкіндігі туралы ерікті түрде ерік білдіруге;
- 17) осы Кодексте айқындалған тәртіппен транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін олардан тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) алуға келісім беру не бас тарту туралы ерік білдіруге;
- 18) емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге ақпараттандырылған келісім беруге немесе бас тартуға;
- 19) бірлесіп төлеуге;
- 20) созылмалы жазылмайтын ауруларды емдеу кезінде ауырсынуды басуды алуға;
- 21) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты, оның ішінде медициналық тексеру нәтижелері, диагноз және аурудың болжамы, медициналық көмек көрсету әдістері, олармен байланысты тәуекел, медициналық араласудың ықтимал түрлері, оның салдары және медициналық көмек көрсету нәтижелері туралы мәліметтерді қолжетімді нысанда алуға;
- 22) денсаулықты сақтауға ықпал ететін немесе оларға теріс әсер ететін факторлар туралы анық және уақтылы ақпарат алуға, оның ішінде аурулардың профилактикасы, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық, қоршаған ортаның жай-күйі, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам денсаулығы үшін әлеуетті қауіптілігі, тамақтанудың ұтымды нормалары, өнімнің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы ақпаратты алуға;
- 23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарға құқылы.
1-1. Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың (мүгедектігі бар адамдардың) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқығы бар.
2. Әйелдердің отбасын жоспарлау және өз денсаулығын қорғау мақсатында ана болу мәселесін шешуге және қаламаған жүктіліктің алдын алудың заманауи әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ананы қорғауға құқығы:
- 1) ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдерді медициналық тексерумен, динамикалық бақылаумен және сауықтырумен;
- 2) науқас баланы күту үшін стационарға түскен кезде әйелдердің репродуктивтік денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдер бойынша емдеумен қамтамасыз етіледі.
78-бап. Балалардың құқықтары
1. Осы Кодекстің 77-бабының 1-тармағында көзделген құқықтардан басқа, әрбір баланың:
- 1) денсаулық сақтау жүйесінің заманауи және тиімді қызметтерін, ауруларды емдеу және денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
- 2) денсаулық сақтау саласында білім алуға;
- 3) профилактикалық медициналық тексерулерге және динамикалық бақылауға, емдеуге, дәрілік қамтамасыз етуге, сауықтыруға және вакцинациялауға;
- 4) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде медициналық көмек көрсетуге;
- 5) санитариялық-гигиеналық ағартуға, оның физиологиялық ерекшеліктері мен денсаулық жағдайына сәйкес келетін және оған қолайсыз факторлардың әсерін болдырмайтын жағдайларда оқуға және еңбек етуге;
- 6) оқуға түсу және жұмысқа орналасу кезінде бекітілген жері бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық құжаттаманы тегін негізде алуға;
6-1. Мүмкіндіктері шектеулі балалардың (мүгедектігі бар балалардың) денсаулық сақтау ұйымдарында бірінші кезекте қызмет көрсетілуге құқығы бар.
- 7) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты өзіне қолжетімді нысанда алуға;
- 8) салауатты өмір салты және дұрыс тамақтану туралы, темекі шегудің, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудың зияны туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
- 9) репродуктивтік денсаулықты қорғау туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
- 10) паллиативтік медициналық көмек алуға құқығы бар.
2. Он алты жастағы және одан асқан кәмелетке толмағандардың профилактикалық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге ақпараттандырылған келісім беруге немесе бас тартуға құқығы бар, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімімен жүргізілетін хирургиялық араласуларды, жүктілікті жасанды үзуді қоспағанда.
3. Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж жасы үлкенірек науқас балаларды стационар жағдайында емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы тікелей күтуді жүзеге асыратын өзге адамға онымен бірге медициналық ұйымда болу мүмкіндігі беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтамасы беріледі.
Бір жасқа дейінгі баланың емізулі анасы баланы күту үшін болатын бүкіл кезеңге медициналық ұйымда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
4. Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж жасы үлкенірек науқас балаларды амбулаториялық және стационарды алмастыратын жағдайларда емдеу кезінде анасына (әкесіне) немесе баланы тікелей күтуді жүзеге асыратын өзге адамға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уақытша еңбекке жарамсыздық парағы немесе анықтамасы беріле отырып, онымен бірге болу мүмкіндігі беріледі.
5. Мектеп жасындағы балалардың стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен үздіксіз білім алуға құқығы бар.
Балаларға медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары ойын, демалыс және тәрбие жұмысын жүргізу үшін жағдай жасайды.
6. АИТВ-инфекциясын жұқтырған мүмкіндіктері шектеулі балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық-педагогикалық түзеу қолдауын алуға құқығы бар.
АИТВ-инфекциясын жұқтырған балалардың сәби үйлерінде және өзге де денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында болуға құқығы бар.
АИТВ-инфекциясын жұқтырған аналардан туған балалардың белгіленген тамақтану нормаларына сәйкес тегін бейімделген сүт қоспаларын алуға құқығы бар.
7. Балаларды сәби үйіне және білім беру ұйымдарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
8. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өмірлік қиын жағдайдағы балалар үш жасқа толғанға дейін қоса алғанда уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда ұсталуы мүмкін.
79-бап. Репродуктивтік құқықтарды қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және отбасының құқықтары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
- 1) еркін репродуктивтік таңдауға;
- 2) репродуктивтік денсаулықты қорғау және отбасын жоспарлау жөніндегі қызметтерді алуға;
- 3) өзінің репродуктивтік денсаулығының жай-күйі туралы анық және толық ақпарат алуға;
- 4) бедеулікті емдеуге, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген заманауи қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдана отырып емдеуге;
- 5) қаламаған жүктіліктің алдын алуға;
- 6) қауіпсіз ана болуға;
- 7) жыныс жасушаларының, репродуктивтік ағзалар тінінің донорлығына;
- 8) контрацепция әдістерін пайдалануға және еркін таңдауға;
- 9) хирургиялық стерилизацияға;
- 10) жүктілікті жасанды үзуге;
- 11) өзінің репродуктивтік құқықтарын қорғауға;
- 12) некеде немесе некеден тыс балалардың саны мен олардың туу уақытына, ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті босанулар арасындағы аралықтарға қатысты шешімді еркін қабылдауға;
- 13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыныс жасушаларын, репродуктивтік ағзалар тінін, эмбриондарды сақтауға құқылы.
2. Азаматтар өздерінің репродуктивтік құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
3. Азаматтардың медициналық көрсетілімдер бойынша отбасын жоспарлау, әлеуметтік маңызы бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың болуы мәселелері, отбасылық-некелік қатынастардың медициналық-психологиялық аспектілері бойынша консультацияларға, сондай-ақ ұрпақта болуы мүмкін тұқым қуалайтын және туа біткен аурулардың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдарда медициналық-генетикалық және басқа да консультациялар мен тексерулерге құқығы бар.
4. Баланың әкесіне немесе отбасының өзге мүшесіне әйелдің келісімі болған кезде оның денсаулық жағдайы ескеріле отырып, босандыру ұйымдарында тиісті жағдайлар (жеке босану залдары) болған және әкесінде немесе отбасының өзге мүшесінде жұқпалы аурулар болмаған кезде, операциялық босандыру жағдайларын қоспағанда, баланың туылуы кезінде қатысу құқығы беріледі. Мұндай құқықты іске асыру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
5. АИТВ-инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа азаматтарымен тең бала асырап алуға құқығы бар.
6. АИТВ-инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға құқығы бар.
80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары:
- 1) өз денсаулығын сақтауға қамқорлық жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауаптылықта болуға;
- 2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
- 3) профилактикалық медициналық тексерулерден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
- 4) медицина қызметкерлерінің жеке және қоғамдық денсаулыққа қатысты тағайындауларын орындауға;
- 5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде созылмалы аурулар болған кезде оларды басқару бағдарламаларына қатысуға, ауру және оны емдеу әдістері, ықтимал тәуекелдер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
- 6) медицина қызметкерлеріне өз ағзасының жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
- 7) өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын қорғау жөніндегі сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша тексеруден және емделуден өтуге, медициналық персоналды өздерінде айналасындағыларға қауіп төндіретін жұқпалы және өзге де аурулардың бар екені туралы хабардар етуге;
- 8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
Тексеруден және емделуден жалтарған жағдайда айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, АИТВ-инфекциясын қоспағанда, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеп куәландырылуға және емделуге жатады.
81-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасында ана болуды мемлекет қорғайды және көтермелейді.
2. Азаматтардың емшекпен емізуді қолдауға, оның ішінде емшекпен емізуді қорғауға және насихаттауға құқығы бар:
- 1) жүкті және емізетін әйелдердің құқықтарын қорғау емшекпен емізуге дайындалу және оны іске асыру үшін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған (жүктілігіне және босануына байланысты демалыс, ерте жастағы балаларды тамақтандыру үшін қосымша жұмыс үзілістері, толық емес жұмыс уақыты, медициналық ұйымдарда кезектен тыс қызмет көрсету, ана мен бала бөлмелерінің қызметтерін пайдалану және басқалар);
- 2) алты айға дейінгі балаларды тек қана емшекпен емізудің және дені сау қосымша тамақпен екі жасқа дейін және одан да көп уақыт емшекпен емізуді жалғастырудың артықшылықтары туралы халықты хабардар етуді қамтиды.
3. Жүкті әйелдердің:
- 1) Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін, оның ішінде тірі туудың және ұрықтың өлі тууының халықаралық өлшемшарттарымен айқындалатын мерзімінен бұрын босану кезінде денсаулығын қорғауға және көмекке;
- 2) жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін медициналық көмекке;
- 3) жүктілік кезеңінде тексеруді, емдеуді және медициналық араласуды тек өзінің немесе заңды өкілінің келісімімен жүргізуге, тексеруді, емдеуді және медициналық араласуларды жүргізуді кейінге қалдыру әйелдің және баланың (ұрықтың) өміріне қатер төндіретін, тексеруді, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе консилиум қабылдайтын жағдайларды қоспағанда;
- 4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты режимінің, жүктілігіне және босануына байланысты демалыстың, бала үш жасқа толғанға дейін оны күту үшін жалақы сақталмайтын демалыстың және жүкті әйелдер мен емізетін аналардың еңбек жағдайларының сақталуына;
- 5) емізетін аналарға (ата-аналарға) білікті қолдау көрсетуге, лактация, тек қана емшекпен емізу және қосымша тамақтандыру әдістемесі мәселелері бойынша оқытылған медицина қызметкерлерінің консультация беруіне;
- 6) балаға мейірімді медициналық ұйымдар іске асыратын емшекпен емізу практикасын қолдауға;
- 7) жұмыс берушінің жұмыс орнын, лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, он екі аптаға дейін тексерілуге және жүктілігі бойынша медициналық есепке тұруға уақыт беруіне;
- 8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де кепілдіктер мен көтермелеулерге құқығы бар.
4. Жүкті әйелдер:
- 1) жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін бекітілген жері бойынша жүктілігі бойынша медициналық есепке тұруға;
- 2) жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін дәрігердің ұсынымдарын орындауға міндетті.
5. Егер әйел жүктілікке қарсы көрсетілімдер болған кезде жүктілікті жоспарласа, онда ол жүктілік кезінде және босанғаннан кейін қырық екі күнтізбелік күнге дейін туындайтын әйелдің өзінің және ұрықтың денсаулығы үшін барлық тәуекелдерге толық жауапкершілікті өзіне алады.
83-бап. Қандастардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын қандастардың, босқындардың, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасында уақытша жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, баспана іздеген адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген қандастар, босқындар және баспана іздеген адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттер атқарады.
