Өңірлік Call-орталығы: 1302 немесе 8 800 080 4821 Барлық байланыстар

Этикалық кодекс

Іскерлік этика кодексі

Кодекстің миссиясы

Іскерлік этика кодексі «№6 қалалық емхана» ШЖҚ КМК-ны (бұдан әрі — Емхана) серпінді дамытуға және этикалық нормалар мен Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын ұстану негізінде мүдделі тұлғалармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға арналған басқарушылық құрал болып табылады.

Емхананың Іскерлік этика кодексі корпоративтік басқару және медициналық қызметтер көрсету үдерісінің тиімділігін арттыруға, мүдделі тұлғалармен өзара іс-қимылға ықпал етеді.

1. Кіріспе

1.1 Осы Іскерлік этика кодексі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының ережелеріне, «№6 қалалық емхана» ШЖҚ КМК-ның (бұдан әрі — Емхана) ішкі құжаттарына, оның ішінде Емхана Жарғысына сәйкес әзірленген және іскерлік этиканың негізгі құндылықтары мен қағидаттарын, іскерлік қарым-қатынастардың этикалық нормаларын белгілейді.

1.2 Осы Кодекстің мақсаты — корпоративтік мәдениетті дамыту және іскерлік мінез-құлық практикасын қолдану арқылы мүдделі тұлғалармен тиімді өзара іс-қимылға жәрдемдесу.

1.3 Кодексте мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

  • Іскерлік этика — Емхана, оның басшылығы мен қызметкерлері өз қызметінде басшылыққа алатын іскерлік қарым-қатынастың этикалық қағидаттары мен нормаларының жиынтығы;
  • Мүдделі тұлға — заңнамада және Жарғыда көзделген құқықтарын іске асыру Емхананың қызметімен байланысты тұлға (пациенттер, әріптестер, уәкілетті органдардың өкілдері, іскер серіктестер);
  • Кодекс — Іскерлік этика кодексі;
  • Мүдделер қақтығысы — Емхана қызметкерінің жеке мүддесі лауазымдық міндеттерін бейтарап орындауына әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін жағдай;
  • Корпоративтік мәдениет — Емханаға тән құндылықтар, қағидаттар, мінез-құлық нормалары мен қарым-қатынастар;
  • Қызметкер — Емханамен еңбек қатынастарындағы және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын тұлға;

1.4 Емхана басшылықпен, қызметкерлермен және мүдделі тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда стратегиялық маңызды іскерлік шешімдерді қабылдау үшін де, Емхана қызметкерлері кездесетін күнделікті жағдайларда да осы Кодекстің ережелерін қабылдайды және ұстанады.

2. Іскерлік этиканың құндылықтары мен қағидаттары

2.1 Емхана қызметі қалыптасатын негізгі корпоративтік құндылықтар — оның қызметкерлерінің адалдығы, сенімділігі және кәсібилігі, олардың еңбегінің тиімділігі, өзара көмек, бір-біріне, мүдделі тұлғаларға және тұтастай қоғамға құрмет.

2.2 Емхана іскерлік этиканың мынадай қағидаттарын басшылыққа алады:

  • адалдық;
  • әділдік;
  • ақ ниеттілік;
  • ашықтық;
  • жауапкершілік.

2.3 Емхана барлық мүдделі тұлғалар іскерлік этиканың жоғарыда көрсетілген қағидаттарын сақтайды деп есептейді.

2.4 Емхана өз қызметін жүзеге асыру кезінде:

  • Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік органдар актілерінің, өз қызметіне қатысты өзге де құжаттардың нормаларын сақтайды;
  • адам құқықтарының сақталуын және құрметтелуін қамтамасыз етеді;
  • әділ және адал әрекет етеді, пара беруді және осыған ұқсас жаман іскерлік практиканы, сондай-ақ іскерлік практикада қабылданғандарды қоспағанда, сыйлық беру және алу практикасын қабылдамайды (бұл ретте мұндай сыйлықтар елеулі болмауы және жиі берілмеуі, алынбауы тиіс);
  • басшылық пен қызметкерлерге әділ, құрметпен және этикалық нормаларды сақтай отырып қарайды;
  • мүдделі тұлғалармен барлық қарым-қатынастарының өзара тиімді болуына ұмтылады;

2.5 Этикалық нормалар іскерлік қарым-қатынастардың мынадай негізгі салаларын реттейді: мүдделі тұлғалармен және Емхана қызметкерлерімен, мемлекеттік органдармен, тәуелді ұйымдармен, іскер серіктестермен және жұртшылықпен қарым-қатынастар.

2.6 Жұмысты тиімді ұйымдастыру Емхана мен барлық мүдделі тұлғалар арасындағы өзара міндеттемелерге негізделген. Өзара міндеттемелерді сақтау — сындарлы жұмыстың қажетті шарты.

3. Іскерлік қарым-қатынастардың этикалық нормалары

3.1. Емхана қызметкерлері

3.1.1 Емхана қызметкерлері кәсіби функцияларды Емхананың мүддесі үшін қақтығыстарға жол бермей, тиісті қамқорлықпен және сақтықпен адал әрі парасатты орындау міндетін өздеріне алады.

3.1.2 Өзіне алған міндеттемелер үшін жауапкершілік мәртебесі мен лауазымына қарамастан Емхана басшылығына да, қызметкерлеріне де бірдей жүктеледі.

3.1.4 Әрбір қызметкер лауазымдық міндеттерін орындау кезінде жеке қарым-қатынастарды немесе жеке пайданы емес, Емхананың мүдделерін басшылыққа алуы тиіс.

3.1.5 Жұмысқа қабылдау кезінде Емхана қандай да бір белгілер бойынша ешқандай кемсітушілікке жол бермейді. Кадрларды іріктеу және жоғарылату тек кәсіби қабілеттер, білім мен дағдылар негізінде жүзеге асырылады.

3.1.6 Емхана қызметкерлерді оқыту және кәсіби дамыту бағдарламаларына сәйкес өздігінен білім алуға және кәсіби дамуға ұмтылатын қызметкерлерді лайықты бағалай отырып, барлық деңгейдегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін тең жағдайлар жасайды.

3.1.7 Емхананың сыйақы саласындағы саясаты қызметкерлердің кәсіби қасиеттері мен қабілеттерін, олардың еңбегінің нәтижелерін және қызметтің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуін мойындауға және ішкі құжаттарға сәйкес ынталандыру мақсатында әлеуметтік пакет ұсынуға негізделеді.

3.1.8 Емхананың қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы саясаты өз қызметкерлері үшін салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді және үнемі жақсартуды көздейді.

3.1.9 Емхана қызметкерлері жұмысқа көзқарасымен және мінез-құлқымен ұжымда тұрақты және жағымды ахуал қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.

3.1.10 Емханада барлығына тең мүмкіндіктер міндетті түрде қамтамасыз етіле отырып, жекелеген қызметкерлерге заңды негізден өзгеше қандай да бір артықшылықтар мен жеңілдіктер беруге жол берілмейді.

3.1.11 Емхана қызметкерлері жоғары кәсіби жұмыс үшін барлық күш-жігерін салуы, Емхананың мүлкіне ұқыпты қарауы, оны ұтымды және тиімді пайдалануы тиіс.

3.1.12 Мүдделер қақтығысына жол бермеу Емхананың және оның қызметкерлерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.

3.1.13 Емхана басшылықтан бастап шешім қабылдайтын кез келген қызметкерге дейін осы үдерістің кез келген кезеңінде мүдделер қақтығысы туындаудан ада шешімдер қабылдау үшін жауапты болады.

3.1.14 Емхана қызметкерлері өзіне (немесе өзімен байланысты тұлғаларға) қатысты да, басқаларға қатысты да мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін жағдайға жол бермейтіндей мінез-құлық танытуы тиіс.

3.1.15 Емхана басшылығының шешім қабылдауы ашықтық және барабарлық қағидаттарына негізделуі тиіс. Қызметкерлер бір-біріне құпиялылық нормаларын бұзбай, анық ақпаратты уақтылы береді.

3.1.16 Емхана қызметкерлері белгіленген тәртіппен басшылықты басқа ұйымдарда жұмыс орындауы және/немесе лауазым(дар) атқаруы туралы, тұрақты (негізгі) жұмыс орнының (қызметінің, кәсіпкерлік қызметінің және т.б.) өзгеруі туралы уақтылы хабардар етуге міндетті.

3.1.17 Егер қызметкер Емханадағы еңбек қызметін басқа ұйымдағы жұмыспен қоса атқарса, оның қосымша еңбек қызметі:

  • тек негізгі қызметтік міндеттерін орындаудан бос уақытта жүзеге асырылуы мүмкін;
  • оның негізгі міндеттерін орындауына теріс әсер етпеуі тиіс;
  • Емхананың беделіне немесе материалдық мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс;

осы Кодекстің ережелеріне қайшы келмейді және тікелей басшы бұл қызмет туралы хабардар.

3.1.18 Емхана қызметкерлерінің:

  • өздерінің функционалдық міндеттерін орындағаны үшін тиісті функцияларды орындамайтын ұйымдар мен жеке тұлғалардан ақша, қызмет түрінде және өзге де нысандарда бейресми төлемдер;

өз функцияларын орындауына байланысты не жұмыс бойынша өздеріне тәуелді тұлғалардан сыйлықтар немесе қызметтер қабылдауға құқығы жоқ, сыпайылық пен қонақжайлылықтың жалпы қабылданған нормаларына сәйкес немесе хаттамалық және өзге де ресми іс-шараларды өткізу кезіндегі символдық ілтипат белгілері мен символдық кәдесыйларды қоспағанда.

3.1.19 Емханадағы барлық ақпарат оның маңыздылығы мен құпиялылық дәрежесіне сәйкес қорғалған. Қызметкерлер ешқашан және ешқандай жағдайда Емханада жұмыс істеу кезінде алған жабық ақпаратты өз мақсаттары немесе үшінші тұлғалардың мақсаттары үшін пайдаланбауы тиіс.

Емхана қызметкерлері қол жеткізе алатын ақпараттың бір бөлігі құпия болып табылады. Емхана нақты қандай ақпарат құпия болып табылатынын, мұндай ақпаратқа қол жеткізуді нақты регламенттейді және оны қызметкерлердің назарына жеткізеді. Жұмысқа орналасқан кезде қызметкерлер коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты жарияламау міндеттемесін өздеріне алады.

Ақпараттың бір бөлігі құпия болмауы мүмкін, бірақ үшінші тұлғалар үшін қызығушылық тудыруы мүмкін. Мұндай ақпарат емхананың меншігі болып табылады және оны да жария етуге болмайды. Басқаларымен қатар мұндай ақпарат мынадай факторларға қатысты болуы мүмкін:

  • Емхана қызметінің қаржылық аспектілері;
  • Емхананы дамыту жоспарлары;
  • өндірістік үдерістер;
  • клиенттер мен жеткізушілер;
  • жалақы мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері;
  • басқару жүйесіндегі болжамды өзгерістер;
  • қызметкерлердің жеке ерекшеліктері.

Егер бұл Емхананың мүддесі үшін қажет болса және заңға қайшы келмесе, ақпарат үшінші тұлғаларға (атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне) берілуі мүмкін. Ақпаратты беру тек бөлімше басшысының рұқсатымен жүзеге асырылуы мүмкін.

3.1.20 Емхана ешқандай жағдайда қызметкерлерден олардың басқа мекемелерде жұмыс істеген кезде қол жеткізген құпия ақпаратын ашуды сұрай немесе талап ете алмайды.

3.1.21 Жайлы жұмыс ахуалын қалыптастыра және қолдай отырып, қызметкерлер іскерлік әдептің мынадай нормалары мен қағидаларын сақтауы тиіс:

  • шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу;
  • мемлекеттің рәміздеріне — Елтаңбаға, Туға, Әнұранға құрметпен қарау;
  • корпоративтік символикаға құрметпен қарау;
  • жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтау, мемлекеттік және басқа да тілдерге, барлық халықтардың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарау;
  • бір-біріне құрметпен қарау;
  • пациенттерге, әріптестерге, басшылар мен бағыныштыларға «Сіз» деп және аты-жөнімен жүгіну;
  • еңбек тәртібін сақтау;
  • жұмыс уақытында қызметтік міндеттерді орындауға байланысты емес істермен айналыспау;
  • әріптестерге өзінің жаман көңіл-күйін көрсетпеу;
  • балағат сөз айтпау, ұстамсыздық пен агрессия танытпау;
  • әріптестерді жақсы орындалған жұмыс үшін шын жүректен мақтау;
  • өзінің дұрыс емес мінез-құлқы үшін әрқашан кешірім сұрау;
  • достық қарым-қатынастарды жұмыс ортасына ауыстырмау;
  • әріптестерге көмектесу, біліммен және тәжірибемен бөлісу;
  • өзінің мансаптық өсу мәселелерін әріптестермен емес, тікелей басшымен талқылау;
  • әріптестердің жеке немесе кәсіби қасиеттерін олар жоқта талқыламау;
  • немқұрайдылық пен дөрекілікке төзбеу;
  • көмек толық көлемде көрсетілмесе де, оған әрқашан алғыс айту;
  • өзгенің пікіріне мұқият болу;
  • сөз бен істің бірлігін қамтамасыз ету, уәдені орындау;
  • Емхананың қоғамдық орындарында сағыз шайнамау;
  • бөлімшелерде және бұған бейімделмеген орындарда тамақ әзірлемеу;
  • Емхана аумағында темекі шекпеу.

3.1.22 Басшылар мен бағыныштылар арасындағы қарым-қатынаста қызметкерлерге іскерлік әдептің мынадай нормалары мен қағидаларын сақтау ұсынылады:

  • бағыныштыларға этика мен іскерлік әдептің нормалары мен қағидаларын жақсы меңгерудің үлгісін көрсету;
  • бағыныштыларды басқа қызметкерлердің көзінше сынамау, мұны құпия түрде жасау;
  • бағыныштылардың алдында өз қателіктерін мойындай білу және оларды өз атына айтылған сындарлы сын үшін қудаламау;
  • ұзақ уақыт жұмыс орнында болмауға тура келсе, тікелей басшыны болмау себептері туралы хабардар ету;
  • әріптестердің көзінше басшының дұрыс емес мінез-құлқына жауап бермеу. Өзіңіздің дұрыс екеніңізге сенімді болсаңыз, жеке кездесу сұраңыз;
  • бөлімше басшыларын жүзінен және аты-жөнімен білу;
  • дәлізде немесе ашық аумақта кездескенде бағынышты бірінші болып амандасуы тиіс;
  • бөлмеге кірген адам (оның ішінде басшы) бірінші болып отырғандармен амандасады;
  • қол алысқанда қолды бірінші болып басшы немесе жоғары тұрған қызметкер ұсынады.

3.1.23 Мүдделі тұлғалармен қарым-қатынаста. Іскерлік қарым-қатынас барысында қызметкерлерге іскерлік мінез-құлықтың мынадай нормалары мен қағидаларын ұстану ұсынылады:

  • медициналық этика мен деонтологияның негізгі қағидаттарын ұстану;
  • барлық мүдделі тұлғаларға ешбір ерекшеліксіз құрметпен қарау;
  • қарым-қатынас барысында ұстамды және сыпайы болу;
  • әріптестер мен Емхана туралы әрқашан құрметпен пікір білдіру, осылайша Емхананың беделі мен абыройын нығайту;
  • ешқашан өзіңізді күттірмеу, егер мүдделі тұлғаны күтуге мәжбүр болсаңыз, одан кешірім сұраңыз;
  • серіктеске толық сөйлеуге мүмкіндік бере отырып, әңгімелесушіні тыңдау;
  • сыни ескертулерді мүдделі тұлғаның қадір-қасиетіне тиіспей, әдепті түрде тұжырымдау;
  • проблеманы немесе жағдайды әрқашан мүдделі тұлғаның көзімен көруге тырысу;
  • әңгіме барысында әңгімелесушіні аты-жөнімен жиірек атау;
  • ақыл айту үнінен аулақ болу, мүдделі тұлғаның дәлелдеріне ашық болу және оны өзінің дұрыс екеніне сендіруге тырысу;

мүдделі тұлғаға келіссөздер нысанасына тікелей қатысты ақпаратты ғана беру.

3.1.24 Телефон арқылы қарым-қатынас барысында қызметкерлерге іскерлік әдептің мынадай нормалары мен қағидаларын басшылыққа алу ұсынылады:

  • дәрігерлік конференциялар, кеңестер және басқа да жиналыстар кезінде жеке телефондар дыбыссыз режимге ауыстырылуы не өшірілуі тиіс;
  • телефон қоңырауына мүмкіндігінше тез, өзіңізді таныстырып жауап беру;
  • мүдделі тұлғаларға немесе әріптестерге қоңырау шалғанда өзіңіздің атыңызды, лауазымыңызды және бөлімшеңізді атау;
  • телефон әңгімесінің басында ыңғайлы уақытта қоңырау шалып тұрғаныңызды сұрау;
  • әңгімелесушіні әрқашан мұқият тыңдау;
  • телефон әңгімесін, әдетте, қоңырау шалған адам аяқтауы тиіс;
  • біреуге жұмысқа жеке мәселелер бойынша қоңырау шалмау. Аса қажет болған жағдайда барынша қысқа болу ұсынылады;
  • автожауапбергішке хабарлама қалдырғанда күнін, қоңырау уақытын, атыңызды, жұмыс орныңызды атап, содан кейін қоңыраудың мақсатын қысқаша баяндау;
  • едәуір көлемдегі ақпаратты бергенде электрондық поштаны немесе факсты пайдалану;
  • қажетті адамды орнынан таппаған жағдайда қашан қайта қоңырау шалған ыңғайлы екенін сұрау немесе атыңыз бен телефон нөміріңізді қалдыру;
  • егер қазіргі уақытта жұмыс орнында жоқ әріптесіңізге қоңырау шалса, оны табуға көмектесу немесе ол үшін хабарлама қабылдау;
  • егер әңгіме барысында байланыс үзілсе, қоңырау шалған адам қайта қоңырау шалуы тиіс;
  • егер қоңырау шалушы нөмірді қате терсе, сыпайы түрде қайта қоңырау шалуды сұрау.

3.1.25 Қызметкерлерге іскерлік киім киюдің мынадай қағидаларын ұстану ұсынылады:

  • іскерлік киім стилі консервативті және ұстамды болуы тиіс;
  • аяқ киім дыбыссыз болуы тиіс, өкшесінің биіктігі 4 см-ден аспауы тиіс;
  • макияж арандатушылық, «кешкі» болмауы тиіс;
  • зергерлік әшекейлердің саны мен дизайны қатаң консервативті стильде болуы тиіс;
  • киім ұқыпты және әлемде қабылданған іскерлік киім стандарттарына сәйкес болуы тиіс;
  • ашық және арандатушы түстерден аулақ болған жөн;
  • әйелдерге тым қысқа және ұзын юбкалар, арқа мен иықты ашатын киім кимеген жөн;
  • шаш үлгісі қатаң болуы тиіс, ұзындығы орташа ұзындықтан асатын шаш ұқыпты жиналуы тиіс;
  • қызметкерлердің арнайы киімі мен қорғаныш құралдары Емханада қабылданған стандарттарға сәйкес болуы тиіс;
  • арнайы киім таза және ұқыпты, денеге шақ, барлық түймелері салынған болуы тиіс. Арнайы киімді Емхананың нормативтеріне сәйкес ауыстыру керек;

жұмыс уақытында Емхананың барлық қызметкерлері жеке деректері бар төсбелгі картасын (бейдж) міндетті түрде тағуы тиіс.

3.1.26 Басшылық пен қызметкерлердің құқықтарын бұзуға әкелетін кез келген жағдай Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына және Емхананың ішкі құжаттарына сәйкес қаралуы тиіс.

3.1.27 Кодекстің ережелері және/немесе жұмыс барысында туындаған этикалық мәселелер бойынша, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер фактілері бойынша Емхана қызметкерлері тиісті шаралар қабылдау үшін өздерін таныстырып, Емхана басшылығына жүгінуге құқылы. Бұл ретте мұндай жүгінген жағдайда олардың құқықтары шектелмеуі тиіс.

3.1.28 Корпоративтік мәдениеттің жай-күйі және қызметкерлердің іскерлік этика деңгейі тақырыбында мониторинг жүзеге асыру және зерттеулер/сауалнамалар жүргізу сарапшы дәрігерге жүктелген.

3.2 Емхана дәрігерлері

3.2.1 Емхана дәрігерлері Емхана медициналық практиканы тек ғылыми дәлелді медицина шеңберінде және әлемнің жетекші медициналық қауымдастықтары қабылдаған, әлемнің жетекші академиялық медициналық мекемелері жұмыс істейтін стандарттарға сәйкес жүзеге асыратын емдеу мекемесі екенін түсінеді.

3.2.2 Емхана МСАК (медициналық-санитариялық алғашқы көмек) үздік әлемдік стандарттары шеңберінде медициналық көмек көрсету үшін бар және құрылғанын түсіне отырып, дәрігерлер пациенттерінің мүдделері мен құқықтарын бәрінен жоғары қоя отырып, медицинамен ең жоғары адалдықпен және инабаттылықпен айналысуға, пациенттерге олардың құқықтары мен адамдық қадір-қасиетін толық түсіне отырып, өздерінің ең үздік білімі мен қабілеттерін пайдалана отырып медициналық қызметтер көрсетуге міндеттенеді.

3.2.3 Дәрігерлер тек қатаң ғылыми фактілер мен білімді пайдалана отырып, тұрақты және үздіксіз оқу арқылы өз біліктілігін қолдайды. Медициналық біліктілік науқасқа қажетті манипуляцияларды, емшараларды және операцияларды тиімді орындауға мүмкіндік беретін практикалық дағдылардың болуын да көздейді. Әрқашан әріптестерін құрметтеу, өз білімі немесе практикалық дағдылары пациентке ең жақсы көмек көрсету үшін жеткіліксіз болатын жағдайларда олардың ең тәжірибелісі мен білгірінен көмек пен кеңес сұрау қажет.

3.2.4 Дәрігерлер дәрігерлік құпияны сақтауға, пациенттің Емханаға жүгінуіне және пациентті тексеру мен емдеу барысында не істелгеніне қатысты кез келген ақпаратты мұқият қорғауға міндеттенеді. Осындай сипаттағы кез келген ақпарат үшінші тұлғаларға тек пациенттің қалауы бойынша немесе уәкілетті ұйымдардың (сот және сот немесе өзге де инстанциялар тағайындаған сараптама) талабы бойынша ашылуы мүмкін.

3.2.5 Терапиялық және хирургиялық көмек, зертханалық және аспаптық зерттеу, пациентті операциядан кейінгі және динамикалық бақылау пациентті жүргізу басқа құзыретті маманға берілгенге дейін Емхана дәрігерлерінің тікелей және жеке жауапкершілігі болып табылады. Пациентпен жұмыс терең жауапкершілікті, диагностика мен емдеу хаттамаларына сәйкес барлық қажетті медициналық емшараларды толық көлемде және қолжетімді ең жоғары сапамен орындауды талап етеді.

3.2.6 Емхана дәрігерлері пациенттің кез келген медициналық емшаралар мен ұсынымдардың мақсаттарын, міндеттерін, қажеттілігін, техникалық және өзге де ерекшеліктерін, барлық оң және теріс жақтарын толық түсінуіне қол жеткізуі тиіс. Кез келген медициналық емшара тек пациенттің келісімімен орындалуы мүмкін. Қажетті жағдайларда емшараны орындар алдында пациент оны жүргізуге жазбаша нысанда ақпараттандырылған келісім беруі тиіс. Медициналық емшараны (операцияны, манипуляцияны) орындауға ақпараттандырылған келісім олардың қажеттілігін, пайдасын, артықшылықтары мен кемшіліктерін, құнын және шынайы күтулерді, тәуекелдер мен ықтимал асқынуларды толық баяндауды қамтуы тиіс. Пациентке осы медициналық емшараның ықтимал баламалары және олардың ерекшеліктері туралы хабарлау қажет. Пациенттен медицина ешқашан қалаған нәтижеге қол жеткізудің 100% кепілдігін бермейтінін, тек белгілі бір аурудың және оны емдеудің нәтижесінің ғылыми белгіленген ықтималдықтары шеңберінде ғана жұмыс істейтінін түсінуіне қол жеткізу қажет. Шешімді пациент өзінде бар барлық ақпаратты ескере отырып (ақпараттандырылған шешім) және дәрігер тарапынан ешқандай қысымсыз қабылдауы тиіс.

3.2.7 Кез келген медициналық емшаралар мен әрекеттерді пациенттің және/немесе оның туыстары мен ол уәкілеттік берген тұлғалардың хабарынсыз және келісімінсіз жүргізу, негізсіз медициналық емшараларды және әсіресе хирургиялық араласуларды орындау адам құқықтарын және жалпыадамзаттық этиканы өрескел бұзу ретінде бағаланады.

3.2.8 Емханада пайдаланылатын кез келген жарнама шынайы және ашық болуы, жалған мәлімдемелерді, сенімсіз уәделерді және кез келген басқа өтірікті, екіұштылық пен арамдықты қамтымауы тиіс. Жұртшылықпен өзара қарым-қатынастар ұқыпты болуы тиіс, ешқашан өзі туралы, оның ішінде өзінің кәсіби және ғылыми жетістіктері, білімі, дағдылары мен біліктері туралы жалған ақпарат беруге болмайды.

3.2.9 Емхана дәрігерлері ғылыми зерттеулерді тек медициналық және жалпыадамзаттық этиканың жалпы қабылданған заңдарына, Қазақстан Республикасының Конституциясында, Адам құқықтары мен бостандықтары туралы Хельсинки декларациясында, қазақстандық және халықаралық заңнамада бекітілген қағидалар мен нормаларға сәйкес жүргізуге міндеттенеді. Қажетті жағдайларда белгілі бір ғылыми зерттеулер мен эксперименттер жүргізуге Этикалық комиссиядан рұқсат алу қажет.

3.2.10 Емхана дәрігерлері Қазақстан Республикасында медициналық көмек көрсетуді регламенттейтін барлық заңдарды, нормаларды, қағидалар мен реттеулерді сақтауға, қоғам мен адамның мүдделеріне қызмет етуге, олардың денсаулығын нығайтуға барынша жәрдемдесуге міндеттенеді.

3.2.11 Дәрігерлер өз жұмысымен уақыт талаптарына сәйкес, бірақ тек қоғам мен адамның мүддесі үшін өзгеруі мүмкін осы Корпоративтік этика кодексін жақсартуға және жетілдіруге жәрдемдесуі тиіс.

3.3 Мемлекеттік органдар

3.3.1 Емхана мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынастарды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, Емхананың Жарғысы мен ішкі құжаттарына, сондай-ақ Корпоративтік басқару кодексінің ережелеріне сәйкес тараптардың тәуелсіздігі негізінде жүзеге асырады.

3.3.2 Емхана Емхана қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу үшін барлық күш-жігерін салады.

3.4 Іскер серіктестер

3.4.1 Емхана іскер серіктестермен өзара тиімділік, ашықтық және шарттардың талаптарына сәйкес өзіне алған міндеттемелер үшін толық жауапкершілік қағидаттарында өзара іс-қимыл жасайды.

3.4.2 Емхана іскер серіктестермен жасалған келісімшарттардың/шарттардың талаптарын сақтайды және оларға қатысты өз міндеттемелерін орындайды.

3.4.3 Емхана ең төмен бағаларды, ең жақсы сапаны, тауарлар мен қызметтерді жеткізу шарттарын ұсынатын және жақсы беделге ие тауарлар мен қызметтер жеткізушілерін таңдайды.

3.4.4 Емхана өз қызметінде іскер серіктестерге негізсіз жеңілдіктер мен артықшылықтар беруге жол бермейді.

3.5 Жұртшылық

3.5.1 Емхана қоғам алдындағы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін түсінеді.

3.5.2 Емхана әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге оң әсер етуге ұмтылады.

3.5.3 Емхана қоғамға қызмет етуге ұмтылады, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды, сондай-ақ басқа да әлеуметтік бағдарламаларды қолдайды.

3.5.4 Емхана өзін жұмыс істейтін және құрмет, сенім, адалдық пен әділдік қағидаттарына негізделген берік қарым-қатынастар орнатуға ұмтылатын қоғамдық ортаның ажырамас элементі ретінде қарастырады.

3.5.5 Емхана экономикалық тұрғыдан тиімді және орынды болған кезде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылады.

3.5.6 Емхана қоғамдық қатынастарды жетілдіру, ұлт денсаулығын жақсарту мақсатында ұйымдармен (қоғамдық, үкіметтік емес және басқа) сындарлы қарым-қатынастар орнатуға ұмтылады.

4. Жауапкершілік

Әрбір қызметкер өз мінез-құлқы шеңберінде этикалық нормалардың сақталуына жауап береді. Осы Кодекстің нормаларын сақтау Емхана басшылығы мен қызметкерлері үшін міндетті. Осы Кодекстің нормаларын бұзу белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады.

5. Қорытынды

Емханадағы Сапа жөніндегі кеңес осы Кодекстің ережелерін мерзімді түрде қайта қарайды және жетілдіреді, олардың іс жүзінде қаншалықты іске асырылатынын талдайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда оған өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізеді.