Денсаулық сақтау жүйесіндегі әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар көрсететін қызметтер тізбесі
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде медициналық көмек көрсетуді жақсарту және халыққа арнаулы әлеуметтік және психологиялық қызметтер ұсыну үшін 2011 жылғы қаңтардан бастап денсаулық сақтау ұйымдарының штаттарына әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер — бұл әлеуметтік қызметкер өмірлік қиын жағдайдағы адамға немесе отбасына көрсететін, туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеруге жағдай жасайтын және оларға қоғам өміріне қатысу үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешені.
Әлеуметтік қызметкер мына мәселелерде көмек көрсете алады:
- 1) пациенттер өз мүмкіндіктерін көрсетіп, соның негізінде қоғамдағы жаңа өмір жағдайларына бейімделе алатын жағдай жасауда
- 2) пациентті әлеуметтік қолдау мәселелерін шешуде (жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, бала асырап алуға, қамқоршылыққа, медициналық-әлеуметтік сараптамаға, қарттар мен мүгедектер үйіне, мектеп-интернаттарға жолдау)
- 3) қажет болған жағдайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарынан мүгедектерге арналған жүріп-тұру құралдарын, протездеудің әртүрлі түрлерін алуға жәрдемдесуде
- 4) мүмкіндігі шектеулі адамды (отбасын) өзіне-өзі қызмет көрсету, тұрмыста және қоғамдық орындарда өзін ұстау дағдыларына оқытуда
- 5) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға немесе отбасыларға (балалар, жасөспірімдер, әйелдер, ерлер) жәрдемдесуде.
Психологиялық қызметтер — бұл өмірлік қиын жағдайдағы адамды немесе отбасын психологиялық ағарту, психологиялық профилактика және психодиагностика жүргізу арқылы оларды психологиялық қолдауға бағытталған қызметтер кешені.
Психолог мына мәселелерде көмек көрсете алады:
- 1) адамды психологиялық қолдау мәселелерін шешуде (жеке проблемаларды шешуге жәрдемдесу, ұжымдағы, балалармен немесе ата-анамен қарым-қатынасты реттеу)
- 2) қоғамға бейімделу және оңалту мақсатында ақпараттық және консультациялық көмек алуға жәрдемдесуде
- 3) халыққа психокоррекциялық және психопрофилактикалық көмек көрсетуде
- 4) адамның өзіне, өз күшіне сенуіне, қиын жағдайдан шығуына мүмкіндік алуында.
Өңіріңіздегі денсаулық сақтау ұйымдарында әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар көрсететін қызметтер туралы толық ақпарат алу үшін учаскелік дәрігеріңізге жүгініңіз.
