Өңірлік Call-орталығы: 1302 немесе 8 800 080 4821 Барлық байланыстар

ҚР шетелдіктерге медициналық көмек көрсету

Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың медициналық көмек алу қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың медициналық көмек алуының осы Қағидалары Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын немесе тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың (бұдан әрі — шетел азаматтары) медициналық көмек алу тәртібін айқындайды.

2. Шетел азаматтарына медициналық көмекті олардың болатын жері бойынша денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар көрсетеді.

3. Шетел азаматтарының медициналық көмек алуы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Шетел азаматтары денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей құқықтарға ие және бірдей міндеттер атқарады.

4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта шетел азаматтарының медициналық көмек алуының өзге тәртібі белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

5. Шетел азаматтарының медициналық көмек алуына немесе олардың көрсетілген медициналық көмек үшін шоттарды уақтылы төлемеуіне байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.

2. Шетел азаматтарының медициналық көмек алу тәртібі

6. Шетел азаматтарына медициналық көмек жедел медициналық көмек, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, консультациялық-диагностикалық көмек, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек және санаторий-курорттық емдеу нысанында ұсынылады.

7. Шетел азаматтарына жедел медициналық көмекті денсаулыққа елеулі зиян келтірудің алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою үшін шұғыл медициналық көмекті талап ететін аурулар мен жай-күйлер туындаған кезде денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар ұсынады.

Шетел азаматтары жедел медициналық көмекті мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін алады.

8. Шетел азаматтарына тегін медициналық көмек Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес ұсынылады.

9. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне кірмейтін медициналық қызметтер (бұдан әрі — ақылы медициналық қызметтер) шетел азаматтарына олардың өз қаражаты, жұмыс берушілерінің қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ұсынылады.

10. Ақылы медициналық қызметтерді шетел азаматтары тұрғылықты жеріне қарамастан алады.

11. Емдеу аяқталғаннан кейін шетел азаматтарының қолына емдеу мерзімдері, сондай-ақ жүргізілген диагностикалық және емдік қызметтер көрсетілген тиісті медициналық құжаттар беріледі.

Шетел азаматтарымен келісім бойынша медициналық құжаттар олардың мекенжайына немесе олардың мүдделерін білдіретін заңды не жеке тұлғалардың мекенжайына жіберілуі мүмкін.

12. Шетел азаматтарының уақытша еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ұсыну арқылы жүргізіледі.